«ЖАС ДАРЫН – ЖАҢА МҮМКІНДІК» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ БАЙҚАУЛАР ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН САЛТАНАТТЫ КЕЗДЕСУ

09.09.2026

2026 жылғы 13 мамыр күні Көкшетау қаласында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы Айтбаевтың халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқаулары мен интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен салтанатты кездесуі өтті. «Жас дарын – жаңа мүмкіндік» атты іс-шара олимпиадаларда, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген өңірдің дарынды оқушыларын ұлықтауға арналған жарқын алаңға айналды.

Кездесуге Ақмола облысының ең үздік жас зияткерлері — бүгіннің өзінде республикалық және халықаралық деңгейде өңір намысын абыроймен қорғап жүрген оқушылар қатысты. Іс-шара форматы заманауи технологияларды, жасанды интеллект элементтерін және ашық әрі еркін диалогты ұштастырып, шабытқа, жаңа идеяларға және даму жолындағы ұмтылысқа толы ерекше атмосфера қалыптастырды.

Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерінің тарихымен бөлісіп, ғылыми жобалары, зерттеу бастамалары, олимпиадаларға қатысу тәжірибесі және болашақ жоспарлары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар білім беруді дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект, IT саласы және дарынды оқушыларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ашық пікірталас форматында қатысушылар облыс әкімінің орынбасарына өңірді дамыту перспективалары, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері, заманауи технологияларды енгізу және сапалы білім алуға жағдай жасау жөнінде сұрақтар қойды. Қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, Досұлан Ерланұлы талантты әрі мақсатшыл жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

- Бүгінгі оқушылар — елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып, болашақ Қазақстанның қозғаушы күшіне айналатын жас буын. Сіздердің білімдеріңіз, бастамашылдықтарыңыз, еңбекқорлықтарыңыз және биік мақсаттарға ұмтылыстарыңыз — табысты әрі бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Дәстүрге айналған жыл сайынғы марапаттау рәсімі аясында 9–11 сынып оқушылары арасындағы республикалық және халықаралық интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың 82 жеңімпазы мен жүлдегеріне ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар оқушылардың табанды еңбегі, қажырлылығы және жоғары жетістіктерінің айқын көрінісі болды.

Кездесудің көркін бір қатысушының ән орындауы аша түсті. Ол өзінің жоғары интеллектуалдық әлеуетімен қатар, вокалдық қабілетін де паш етті. Іс-шараның қорытындысы ретінде қатысушылар «Дарын» гимнін бірге орындап, елдің жас ұрпағына деген мақтаныш пен бірлік рухын сезінді. Кездесу естелікке арналған ортақ суретке түсумен аяқталды.

Просмотров: 9


Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу